Қазақстан қалаларына гастрольдік сапар!

Еліміздің үш қаласында «Астана Балет» театрының ауқымды гастрольдері өтпекші. Театр Ақтөбеде – ақпанның 23 мен 24, Қостанайда – ақпанның 27 мен 28, Көкшетауда – наурыздың 3 мен 4 күндері өнер көрсетеді.

 

Т.Ақтанов атындағы Ақтөбе драма театры, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры мен «Көкшетау» Мәдениет сарайында Театр ұжымы “Астана Балет GALA” бағдарламасын тарту етеді. Бұл концерттік бағдарламаға танымал хореографиялық миниатюралар мен бір актілі балеттердің үзінділері енген. Бағдарламаның сапасы мен техникалық безендірілуі дәл елордалық сахнадағыдай жасалады.

 

Біріші бөлімді «Астана Балет» театрының әртістері ұлттық тақырып аясындағы хореографиялық миниатюралар мен балет үзінділерін көрсетпекші. Заманауи сахна сахналық пішіндер мен көркемдік құралдардың жаңашылдығын талап еткенімен, әрбір нөмірде халықтың музыкалық сарындары мен эстетикасы аңғарылып тұрады. Бірінші бөлімнің ұлттық нақышқа толы болуы – Театр репертуарындағы бидің дәстүрлі тәсілдері сақталып, ұлттық хореографияға жаңа тыныс біткенінің айғағы.

 

Екінші бөлімде көрермендер “GAIA” (хореограф Р.Амаранте, муз. Х.Таварес, И.Альбенис) балетін тамашалайды.  DanceEurope журналында жарияланған мақаласында әйгілі балет сыншысы Джессика Тиг «Астана Балет» театрының репертуары жайлы айта келіп, оның  «Қазақстанның классикалық балет дәстүрлеріне иек арта отырып, Шығыс пен Батыстың үйлесімі…, халық билері мен соңғы кездері жасала бастаған батыстың неоклассикалық қойылымдары,… ал, қолдың ишараты арқылы нәзіктікті әспеттеу техниканың негізгі амалы» екенін атап өтті.

 

“Астана Балет GALA” 2012 жылдан бастау алған ұжымның жылнамасы іспетті. Мұнда біз ұлттық мәнермен қоса, контемпорари, неоклассика мәнерінде жасалған қойылымдарды тамашалай аламыз. Қысқа ғана уақыт аралығында «Астана Балет» театры орасан жұмыс атқарып, көз сүйсіндірер нәтижелерге қол жеткізді.

 

Кештің «Астана Балет GALA» атының өзі, мұның үлкен, жарқын әрі мерекелік концерт екенін меңзейді. Ақтөбек, Қостанай мен Көкшетау көрермендері тамашалайтын би нөмірлерінің көпшілігін Қазақстанның ондаған қаласы, сонымен қатар, Мәскеу, Санкт-Петербор, Бейжің мен Шанхай, Париж бен Вена, Токио мен Сеул, Нью-Йорк, Будапешт, Варшава мен Баку көрермендері зор қошеметпен қабылдаған.

 

«Астана Балет» театрының ұжымы өз қызметінде қазақ орындаушылық өнерінің дәстүрін сақтап, өнерге, оның ішінде, хореографияға деген қызығушылықты арттыруға күш салады. «Астана Балет» театрының Ақтөбе, Қостанай мен Көкшетауға гастрольдік сапары көрермен қауымға әлемдік балет тенденциялары мен трендтері көрініс тауып, отандық және шет елдік хореографтардың батыл ойлары астасқан заманауи қазақстандық хореография өнерін паш етеді. Көрермен қауым би өнерінің әсемдігі мен салтанатына куә болады.

1100_x_600_px (1)