«Мәдениет және спорт министрінің Наурыз мейрамын жаңаша атап өту жайлы бастамасын қолдаймыз»

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамының өзіндік ерекшеліктерін қайта жаңғырту керегін айтып, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының біріне сұхбат берген еді. Осыған орай, «Астана Балет» театры директорының орынбасары Дүйсенбай Мұсабеков өз ойын білдірді:

 

«Наурыз мейрамы – көшпелі халықтардың мәдениетіндегі көне мерекелердің бірі. Қазақ үшін де бұл күннің ерекше болғаны белгілі. Алайда, тарихымыздың бір кезеңінде, бұл мейрам ұмыт бола жаздаған еді. Әрине, біз, Наурыз мейрамының мәртебесін көтеріп, оны жаңаша жаңғырту керегі туралы Мәдениет және спорт министрінің бастамасын қолдаймыз».

 

Наурыз мейрамына орай, «Астана Балет» театрында ұлттық бояуы қанық балеттердің кеші өтпекші. Кеш бағдарламасына «Жусан» бір актілі балеті мен «Арнау» концерттік бағдарламасы енген.

 

«Бұл мейрам көшпелі халықтардың өмірінде ерекше маңызға ие болатын. Яғни, жаңа өмір, жаңа көктем, тың бастамалар смиволы іспетті еді. Сондықтан, көрермен қауымға осы бағдарламаны көрсетуді қош көрдік. Оған отандық хореографтардың балеттері, спектакль үзінділері мн миниатюралар енген. Заманауи хореограф, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри қойған «Жусан» бір актілі балеті Бақыт Қайырбековтың – ұлы даламыздың символы жусанға арнап шығарған өлең жолдарына сүйнген. Бұл ата-бабамыздың өнегесін, өткен тарихын жадымызда сақтап, оны өскелең ұрпаққа жеткізуді дәріптейтін балет. Наурыз мейрамы да өскелең ұрпаққа аманаттап жеткізер асылымыз», – деді, Дүйсенбай Мұсабеков.

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге алып, Наурыз мейрамын ұлықтауды қолға алған Мәдениет және спорт министрі, қоғамның күллі мәселелерін қамти отырып бізге, мәдениет қайраткерлеріне үміт артып, зор жауапкершілік жүктеп отырғаны белгілі.

 

https://egemen.kz/article/165252-arystanbek-mukhamediuly-nauryz-enh-aueli-baldyrghandargha-arnaluy-kerek