Театр туралы

«Астана Балет» театры 2012 жылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Труппа Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің үздік түлектерінен құралған. Көрермен қауымның алдына өз өнерін көрсетпес бұрын, ұжым бір жыл бойы тынбай еңбек етті. Себебі, олардың алдында классикалық дәстүр мен халық және заманауи хореографияның соңғы тенденцияларын біріктіру, сөйтіп, ешкімге ұқсамайтын, тың бейне мен стиль жасақтау мақсаты тұрды. Осы уақыт аралығында үздіксіз репетиция өткізіліп, жаңа қойылымдар дайындалып, жас театрдың өзіндік қолтаңбасы қалыптасты.

 

«Астана Балет» театрының 2013 жылғы шілдеде көрсеткен алғашқы концертінен кейін, көрермен театрды қабылдап, оған ғашық болғаны мәлім болды. Осы күні ұжымның мыңдаған жанкүйері Қазақстан мен басқа да шет елдерде тұрады.

 

 

Театр ерекшеліктерінің бірі дара, түрлі жанрдағы репертуар. Ол отандық және әлемдік классика мен ерекше хореографиялық қойылымдармен толықтырылып отырады. Әр уақытта «Астана Балет» театрымен әйгілі балетмейстерлер ынтымақтасып, жұмыс атқарды: Айгүл Тати, Мукарам Авахри, Гүлжан Туткибаева (Қазақстан), Алтынай Асылмұратова, Николай Маркелов, Никита Дмитриевский (Ресей), Пол Гордон Эмерсон (АҚШ), Патрик де Лакруа, Наннет Глушак (Франция), Рикардо Амаранте (Бельгия).

 

Осы күні «Астана Балет» театры Қазақстандағы балет ұжымдарының ішінде белді орынға ие. Ұжым үнемі шығармашылық ізденіс үстінде. Батыл эксперименттер жасап, жаңа бейнелер іздеп, спектакльдердің қойылымы мен стилистикасын сан-түрлі етеді; көрермендерін жаңа спектакльдерімен және концерттерімен қуанышқа бөлеп келеді.